Депрессия дерті бұрыннан бар. Бірақ бұл ұғым қадым заманның емес, қарыштаған қазіргі заманның сүйікті сөзіне айналды. Олай дейтін себебіміз, бүгінгі жаһандану дәуірінде депрессияға түспеген жан кемде-кем. Өйткені, әлемдік көрсеткіштер бойынша жүрек қан-тамырлары ауруынан кейінгі орында тұрған осы ауру. Қазақтың қамығу, күйзеліс, жабығу, торығу сөздеріне саятын депрессия ақыр соңында адамды өзін-өзі саналы түрде басқара алмауына әкеледі. Дерт жинаған деректер
Қазір 40 жастан асқандардың 10 пайызы депрессияға түссе, оның үштен екісі әйелдер екен. Ал күйзеліс 65 жас-тан асқандар арасында анағұрлым көп. Балалардың 5 пайызы, жасөспірімдердің 15 пайызы осындай жағдайды басынан өткереді. Дамыған мемлекеттер халқының 20 пайызы депрессияға ұшыраса, ал қазақстандықтардың 30 пайызға жуығы жабығуға бейім. Әсіресе, бұлардың ішінде кішігірім қала тұрғындары мен жалғызбастылардың үлесі басым.
Айта кетерлік жайт, наркологиялық диспансерлер мен ішкі істер органдарында есепте тұрған адамдардың басым бөлігі белгілі дәрежеде жүйке жүйесінің қызметі ауытқығандар. Демек, депрессияның қауіптілігі біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі. Оның үстіне, суицид деген қасірет адамзатты қынадай қырып жатыр. Бұл қасіреттен Қазақстан дүние жүзі бойынша тізім басында көш бастап, үшінші орынға тоқтайды. Бұл жерде де депрессиядан басталатын психикалық ауруларды жоққа шығара алмаймыз. Оған дәлел, өз-өзіне қол жұмсайтындардың 25 пайызы – психикалық дертке шалдыққандар.
Депрессия дегеніміз…
Депрессия (латынша deprimo – жабығу, торығу, құлдырау) – бұл психикалық ауытқу. Оның негізгі үш белгісі бар: өмірге қызығушылығының төмендеуі, көңіл күйдің бұзылуы (ангедония), ой мен сананың сергелдеңі, яғни жағымсыз ойларға бой алдыру және белсенділіктің жоғалуы. Депрессия ұғымы адам болмысына қарай белгіленген төрт темпераменттің ішінде меланхолиямен пара-пар.
Депрессияның униполярлы, биполяры, үлкен және мерзімдік, рекурентті, дистимия сияқты түрлері жетерлік. Медицина мен психологияда терминдік атаулары бекітіліп, ерекшеліктері мен сипаттары сараланып қойылған. Ал, негізінен депрессия пайда болуының реактивті және эндогенді түрлерін атаймыз. Реактивті депрессия өмірдегі белгілі бір жағдайларға байланысты туындайды. Мәселен, жақындарын жоғалту, апатқа ұшырау немесе қызметтік ауыс-түйістегі сәтсіздіктер, адамдар арасындағы қатынастан туындайтын кикілжіңдер сияқты жалғаса береді. Ал егер осы аталған сыртқы факторлардың әсерінсіз-ақ адам алжаса бастаса– эндогенді депрессияның бой көрсеткені. Адамның ішкі ойындағы «жегі құрттар» оны құлдырауға итермелейді. Бұл адам белсенділігінің, өмірге құштарлығының жоғалуы, қорғансыздық, үмітсіздік, күдік пен күмән, өзін-өзі немесе өзгелерді кінәлау, тағы да басқа толып жатқан жағымсыз эмоционалдық күй. Мұның соңы адамды психикалық тұрғыдан да, физиологиялық тұрғыдан да шаршатып, тамаққа тәбеті тартпай, ұйқысыздыққа ұрындырып, күйгелектікке әкелуі мүмкін. Тіпті айналасындағылардың бар-жоғын ескермейтін делқұлыға айналдыруы да ғажап емес. Сана-сезіміне, ақыл-есіне әсер етіп, нәтижесінде адам өз ішінен, өз әлемімен тұйықталып, терең ойдың тұңғиығынан шыға алмай қалады. Әрі-беріден соң өз-өзін, тұлғалығын, болмысын тани алмай азапқа түседі. Қиялындағы идеалын іздеумен болады. Кейбір зерттеушілер: «Депрессияға ұшыраған адамдар сүю, жақсы көру деген сезімдерден мақұрым», – дейді.
Жалпы психикалық аурулар невроз және психоз деп бөлінеді. Невроз кез келген адамда, өмірінің кез келген кезеңінде болуы мүмкін. Оның стресс, депрессия, дистимия сияқты толып жатқан түрі бар. Ал психоз – тұқым қуалаудан немесе бір апатқа ұшырағанда, денесіне дерт жабысқанда болады. Бүгінде айдың күннің аманында күйзеліске түсіп, стресс алып ауру атанып жатқандар көп.
Аурудан айығу жолы
Күйзелістен емделудің екі жолы бар: депрессияға қарсы дәрі-дәрмектер пайдалану және психотерапия. Тек, бұл тәсілдерді адам өздігінен емес, арнайы орталықтарға барып, мамандардың кеңесімен жүргізеді. Белгілі бір уақыт бойы жүргізілген психотерапия айығуға тиімді.
Негізі немқұрайлылық пен бейқамдықты көтермейтін нарық заманында депрессия әкелетін себептер көп. Әлеуметтік мәселе, қаражаттың жетімсіздігі, адамдар қарым-қатынасындағы келеңсіздік… тағы тағылар. Бірақ адамдар өзінің психикалық ауруға шалдыққанын аңдамайды немесе мойындағысы келмегендіктен де мамандар мен арнайы орталықтардың көмегіне жүгінбейді.
Кішігірім күйзелісті асқындырмай, депрессияның алдын алу үшін төмендегі қарапайым қағидаларды есте ұстаған абзал. Бірінші, кез келген адам өзінің қажыр-қайратын қалыпты ұстауы керек. Мәселен, дер кезінде тамақтану, дұрыс демалу, спортпен шұғылдану.
Екінші, адам өмірде өзіне не керек екенін бағамдап алса, құба-құп. Жоқ дегенде, күнделікті уақытын тиімді, мақсатты пайдалануға дағдылану аса қажет. Сонда ғана өзінің ісі мен өміріне көңілі толып, қажетсіз ойдан арылады.
Үшінші, әркім өзі бағалайтын құндылықтарды сақтауға күш салса, жақсылыққа бір табан жақындайтыны анық.